Дүкен ашамын дегендерге мемлекет ақша береді: қалай алудың жолдары түсіндірілді
Тойгүл Жұбасинованың сөзінше, дүкен салам деген азаматтар ол үшін әуелі банкке барады
Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің баспасөз хатшысы Тойгүл Жұбанисова дүкен ашам деген азаматтарға мемлекет қалай көмек беретінін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бұл жерде басты талап – дүкенді кәсіпкер өзі салуы керек. Мәселен, дайын дүкенді сатып алатындарға мемлекеттен көмек берілмейді. Үлкен мегаполис – Астана, Алматы мен Шымкент қаласының азаматтары бұл көмекті ала алмайды. Себебі өңірлерді сауда саласын дамытуға мән беріліп жатыр», – дейді ол.
Тойгүл Жұбасинованың сөзінше, дүкен салам деген азаматтар ол үшін әуелі банкке барады. Егер банк несие беруге келіссе, “Даму” қаржылық операторы осы бағдарлама арқылы кәсіпкер алған несиенің пайыздық мөлшерлемесін жабады.
«Мысалы, екінші деңгейлі банк кәсіпкерге 18-19 пайызбен берсе, осы бағдарлама бойынша 10,78 пайызын мемлекет төлейді. Ар жағындағы 8 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді», – дейді комитет өкілі.
Биыл қазан мен желтоқсан аралығында бұл 4 түрлі мақсаты бар бағдарламаға 4 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылы бұл бағытта 5,6 млрд теңге бөлсе, одан кейін ол көмекті 10 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков мемлекет ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен 2024 жылы 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдағанын мәлім еткен еді. Мемлекет осылайша, ішкі сауда субъектілерін жаңарту үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді. Мемлекеттік қолдау шаралары 2 түрлі тәсіл арқылы көрсетіледі. Біріншіден, несие мөлшерлемесін субсидиялау, екіншісі – несиеге кепіл беру. Жалпы мемлекеттік қолдау шаралары 4 түрлі мақсатқа бағытталған. Олар: сауда базарларын жаңғыру үшін, сауда объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау үшін, үй жанынан дүкен салу үшін, осы салада IT бағдарламалар жасау үшін беріледі.
Бұл бағдарламаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары және елдегі ойын-сауық орталықтары қатыса алмайды.
Сондай-ақ бағдарламаның шарты бойынша сауда нысандарына қатысты жобаларын облыс орталықтарында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерге берілетін сома 3 млрд теңгеден, ал, жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратындар үшін берілетін сома 1,5 млрд теңгеден аспайды.