Қоғам

Павлодарда оқушы 13 жасар баланың көзін жарақаттады

5-сынып оқушысы ойыншық тапаншаны сөмкесінен шығарып, сыныптастарына көрсетіп жатқан кезде байқаусызда ойыншық оқты 6-сынып оқушысының көз аймағына тигізген

Павлодар облысында оқушы сыныптасын тапаншамен жарақаттады. 13 жасар бала ауруханаға жатқызылды, – деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі  pavlodarnews.kz ке сілтеме жасап. 

1 қазанда Железин ауданындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысы ойыншық тапаншаны сөмкесінен шығарып, сыныптастарына көрсетіп жатқан кезде байқаусызда ойыншық оқты 6-сынып оқушысының көз аймағына тигізген.

Үзіліс уақытында болған оқиға туралы Облыстық білім беру басқармасы мәлім етті. 

"Аталған факті бойынша дереу қызметтік тергеу ашылды. Нәтижесінде, оқушылар және ата-аналармен әңгіме жүргізілді. Балаларыңызды мектепке жібермес бұрын сөмкесіндегі қалталарда тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексеруді сұраймыз!" – деп хабарлады басқарма.

Зардап шеккен оқушы алдымен аудандық ауруханаға, кейіннен облыстық ауруханаға жеткізілді. 13 жасар баланы травматология бөлімшесінің кезекші офтальмолог дәрігері қарап шықты. 

"Көз алмасының көгеруі диагнозы қойылды, жағдайы тұрақты", – деп хабарлады облыстық балалар ауруханасы. 

Оқушының тұрғылықты жері алыс екенін ескере отырып, динамикалық бақылау үшін офтальмологиялық бөлімшесіне жатқызылды.