Маусымдық аллергия күшейді: мамандар қалай күресудің жолдарын атады
Бұл ауру көктемде ғана қозады деген қате түсінік, тұмау мен аллергияны шатастырып, өз бетінше емделмеуге кеңес береді дәрігерлер
Аллергияның күзде келетін екінші толқынынан сырқаттанғандар көбейді. Алматыда маусым аллергиясы асқынып, емхана мен дәріхана жағалап жүргендер артқан. Мамандар айналадағы өсімдіктердің тозаңы ғана емес, антибиотик пен қабынуға қарсы препараттарды бейберекет қолдану да адам ағзасын аллергенге сезімтал қылады деп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Маусым аллергиясы соңғы кезде біраз адамды әбігерге салған. Күні-түні мұрыннан су ағып, көзің жасаурайды. Әсіресе жұмыс кезінде қайта-қайта түшкіріп, жан-жағындағылардың мазасын алатынымыз рас. Соның бірі — алматылық Назарбек Әуесхан. Жас жігіт кеңседе жұмыс істейді. Сегіз жылдан бері көктем мен күзде сырқаты қозады.
“Қыркүйек басталғаннан бері аллергиям өршіді. Көзім қатты қышып, қызарып, мұрнымнан су ағып, кәдімгі тұмаудың белгілеріне ұқсайды. Тамағым, таңдайым қышығаннан-ақ, аллергия екенін сезе бастадым. Жұмыс істеуге кедергі келтіреді”, - дейді Назарбек Әуезхан.
Иә, маусым аллергиясының белгілері кәдімгі тұмауға ұқсайды — мұрны мен көзі қышып, қызарады, құлағы мен тамағы да жыбырлайды. Аракідік құрғақ жөтел де мазалайды. Қалада екінің бірі қазір осы белгілермен әлекке түсіп жүр.
“Көбейіп кетті. Қоғамдық орында отырсаң да, далаға шықсаң да түшкіре бересің, түшкіре бересің, көзің қышиды, мұрның бітеді. Күресу жолдарын жасап жатқан жоқпын, себебі емізулі балам бар. Ал жолдасымда да осынай белгілер бар”, - деді Шынар Әбзелбек.
Күздің басында ауа райы ұзақ уақыт бойы жылы және құрғақ болса, кейбір өсімдіктер қайта гүлдейді. Одан бөлінген тозаң ағзаның шырышты қабығын тітіркендіріп, адамның аллергиясын да қайта қоздырады. Сондықтан бұл ауру көктемде ғана қозады деген қате түсінік, тұмау мен аллергияны шатастырып, өз бетінше емделмеуге кеңес береді дәрігерлер.
“Күзде аллергияның қоздыратын — жусан мен ойраншөп. Ол тамыз бен қыркүйекте гүлдей бастайды. Сондықтан адамдарда аллергия пайда болады. Биыл шілдеде аптап ыстық болмады. Сондықтан аллрегияның күзге дейін жалғасуы содан” - дейді аллерголог-дәрігер Теміржан Нұрпейісов.
Мамандар ауру өршігенде ешқандай дәрі-дәрмек көмек бермейді, тек түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурағанын уақытша жеңілдетуге болады дейді. Ал кешенді емді қыс айларында бастау керек. Нақты себебін анықтау үшін аллерген ектіріп, сынама тапсырған дұрыс.