Түркістан облысы балық шаруашылығын дамыту бойынша республикада көш бастады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, осы тапсырмаға орай Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын.
Түркістан облысында бұл бағытта жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы орайда өңір бойынша 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, жеткізу жоспарланып отыр, деп жазды Kyn.kz тілшісі.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, өңірде балық шаруашылығын әрі қарай дамыту мақсатында аудан, қала әкімдіктеріне жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде, облыста тауарлы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 224-ке жетті. Сонымен қатар экспортқа бағыталған ірі 4 кәсіпорын жұмыс бар. Оның жылдық қуаттылығы 12 мың тоннаны құрайды. Жасанды жолмен өсіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр. Бағдарламаға сәйкес, 2024 жылға 7000 тонна балық өсіру жоспары бекітіліп, 8 айдың қорытындысымен 1645 тоннаға жетті. Балық аулау мерзімі қазан-қараша айлары болуына байланысты, жыл соңымен толық орындалады.
Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Аталған бағытқа жергілікті бюджеттен 2023 жылы 500 млн. теңге, биыл тағы 500 млн. теңге бөлініп, 61 балық шаруашылығы субъектісінің шығыстары өтелді.
Ал инвестициялық субсидиялауға 2024 жылға 237,5 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкерге 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие берілді. Биыл «Ырыс микро қаржы ұйымы» ЖШС арқылы 232 шаруашылыққа 1020,0 млрд теңге қарастырылған.
Облыста балық шаруашылығын дамыту, жаңадан балық шаруашылықтарын құру бойынша басқарма мен балық шаруашылығы инспекциясы аудан, қала әкімдіктерінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде.
Айта кетейік, облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны заңдастырылған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде, 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді, 22 су айдыны резервте. Қазіргі таңда облыста 137 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы, 2 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылықтары жұмыс істейді.