Түлкібастық шаруалар бидайдан гектарына 30 центнерге жуық өнім алуда
Соның бірі Серғазиев Бақтияр «Серғазы» шаруа қожалығының төрағасы Жаскешу елді мекенінің маңындағы 12 гектар жерге(багара) күзгі бидай егіп, бүгінгі таңда әр гектарынан 30 центнерге жуық өнім алуда.
Ал, Арыс ауылдық округіне қарасты «Сүйіндік» шаруа қожалығының қарышты қадамы аудан көлеміне жақсы таныс. Негізінен ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалығының табысы жылдан жылға ұлғайып, округ аумағы да ең іргелі шаруашылықтардың біріне айналып отырғаны да жасырын емес, деп жазды Kyn.kz тілшісі.
Берекесі мен ынтымағы жарасқан бұл ұжымды ұзақ жылдардан бері кәнігі диқан, іскер азамат Мелдебек Сүйіндікұлы Тайлиев басқарып келеді. Өзі қолға алып отырған шаруа қожалықтың ірге тасын нөлден бастаған бұл қожалық уақыт өте келе құлашын кеңге жайып, бүгінде ешкімге де алақан жаймай өз несібелерін жер-анадан тауып жүріп жатыр.
- Өткен жылы қарамағымыздағы жердің 650 гектарына бидай, 120 гектарына жоңышқа, 250 гектарына мақсары еккен болатынбыз,-дейді «Сүйіндік» шаруа қожалығының төрағасы Мелдебек Тайлиев.
- Ауылшаруашылығына қажетті жұмыстардың бәрін сапалы аяқтап, бар талаптардың бәрін орындағанның арқасында, сонымен қатар көктемгі жауын-шашынның мол түсуіне орай биылғы астығымыздың түсімі көңіл қуантады. Енді міне, бір аптаның жүзі болды, бидай алқабына орақ түсіп, күні бүгінге дейін 350 гектар жердің астығы орылып үлгерілді.
Қазіргі таңда алқапта 3 комбайн (олардың кабиналарына комбайншылар үшін ыстықтан қорғанатын салқындатқыш құралдары орнатылған) уақытпен санаспай еңбек етуде. Комбайншылардың орған бидайын 2 “Камаз” көлігі егіс алқабынан тоқтаусыз тасымалдап жатыр. Дала төсінде еңбек көрігін қыздырып жүрген азаматтар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Дала қосы олар үшін таптырмайтын демалыс орнына айналған. Комбайншылардың, тасымал жұмыстарын атқарып жатқан көлік жүргізушілердің бәрі жергілікті жердің тұрғындары.
Айта кетерлік, ағымдағы жылы Түлкібас ауданында 24 гектарға масақты дәнді-дақылдар егілген. Оның ішінде, 15,4 мың гектарға бидай, 8,6 мың гектарына арпа. Қазіргі таңда бұл дақылдардың 12,5 мың гектары орылып, осы уақытқа 29,8 мың тонна өнім жиналған. Бидайдың өнімділігі орта есеппен гектарына 25-30 центнерді, арпаның өнімділігі гектарына 22 центнерді құрауда.