Басты жаңалықтар

“Боди-массажға барады”: Атырау облысының орталық мешіті имамға қатысты шындықты айтты

«Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі имамның уақытының көп бөлігі мешітте өтетінін айтты

Атырау облысының орталық «Иманғали» мешіті қаладағы «Құспан молла» мешітінің имамына қатысты ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Мешіт баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес,  «Құспан молла» мешітінің имамына жала жабылып отыр. 

“Біріншіден, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің имамы қызметін пайдаланып, мүфтиятқа балық, уылдырық жібереді деген сөз жала. Мүфтиятқа Атыраудан «сыйлық» жіберу деген болған емес.

Екіншіден, мешіт имамы бола тұра, үнемі насыбай, анаша шегеді, массажға барады деген сөздер мүлде ақылға сыймайды. Себебі, Құспан молла мешіті қаладағы ірі құлшылық орындарының бірі болғандықтан, бұл жерде атқарылатын жұмыс көлемі өте көп. Сондықтан, мешіттің бас имамы болғандықтан, салмақ та осы кісіге түседі. Яғни, имамның негізгі уақыты мешітте өтеді”, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, имамның қора-қора мал жиғаны туралы ақпарат да шындыққа жанаспайтынын атап өтті. 

“Қызметін пайдаланып, қора-қора мал жиды деген сөз де шындыққа жанаспайды.

Қазіргі уақытта имамның күнделікті сауынға ұстап отырған бір бас сиыр, бір бас түйесі бар.

Атыраудың кәсіпкерлері арқылы мал жиды, байыды деген сөз шындыққа жанаспайды.

Кәсіпкерлер арасында мешіттің керек жабдықтарына заттай көмек көрсетеді. Кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отыратын көмек түрі мешіттің ішкі құжаттарында есепке алынып отырады.

Кісінің артынан жалған сөйлеп, жала жабу – дінімізде құпталмайтын іс екенін атап өткіміз келеді", – делінген орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.