Мектепке орамал тағып бару: Жоғарғы сотта заң нормалары қарастырылды
Аслан Түкиев Қазақстан заңдарында белгіленген нормаларды еске салды
Жоғарғы Соттың Әкімшілік істер жөніндегі алқасының төрағасы Аслан Түкиев Судьялар съезі кулуарында елімізде мектепке оқушы қыздардың орамал тағып баруы мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Аслан Түкиев Қазақстан заңдарында белгіленген нормаларды еске салды.
"Ол (оқушы - редактордың ескертпесі) немен келсе де, заң бойынша балаларды орта білім алу құқығынан айыруға әлі жол берілмеген. Яғни кез келген оқушы мектепке кіргізілуі керек", - деді ол.
Оның айтуынша, бірыңғай мектеп формасын бекітетін Оқу-ағатру министрлігінің заң актісі бар.
“Ол расында да, орамалды тағуға рұқсат бермейтін ережелерді бекіткен. Бұл бұйрық заңнан шығып отыр. Бірақ, заң да, бұйрық та білім алуға деген конституциялық құқыққа санкция сала алмайды. Сот осыны айтып отыр. Бірақ біз заң шығарушы орган осы сұраққа жауап бергенін қалаймыз", - деді Түкиев.
Оның сөзінше, уақыт өте келе ата-аналардың да жауапкершілігі мәселесі көтеріледі. Жасөспірімдердің діни еркіндігінің шегі қандай болатыны да айтылады. Осы сұрақтың бәріне заңнама жауап беруге тиіс, деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов желідегі парақшасында Жоғарғы соттың шешімімен мектепке орамалмен кіргізілмеген оқушылардың құқығы қорғалғанын хабарлаған еді. Осыдан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде "Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты" деген ақпарат тарады. Алайда құзырлы орган бұл ақпаратты жоққа шығарды.