Қоғам

Арыста австралиялық әдіс бойынша 50 мың басқа арналған ірі қараны бордақылау алаңы іске қосылды

Арыс қаласының ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтерілуде.

 Қалаға қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып, іске қосылмақ. Аталған жоба инвесторлар есебінен жүргізілуде және Түркістан облысындағы ең ірі кешендердің біріне айналуы көзделіп отыр және австралиялық әдіс бойынша жүргізілуде.

Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсіру мен ет бағытындағы мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылады.

Құрылыс, бордақылау және жаю схемасы австралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісімен жасалады. Түркістан облысындағы ең ірі кешеннің біріне айналатын бордақылау алаңы Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округі аумағында орналасқан.

Кешен жұмыстарымен танысу үшін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова аталған ауылға арнайы барды. Әкім мал бордақылау алаңының Арыстың экономикалық дамуына қосатын үлесін атап өтіп, бұл жоба облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға зор септігін тигізетініне сенім білдірді.

Бүгінгі таңда серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде биыл бордақылау алаңына 15 мың бас, 2025-2026 жылдары тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады.

Сондай-ақ серіктестік бордақылау алаңы маңынан 4 710 гектар алқапта суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жем-шөп дақылдарын өсіруді жөнге қоюда. Ол үшін, әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда. Бұл өз кезегінде мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында барлық жұмыс аутоматты жүйеде жүзеге асырылатын болады.

Жобаның жалпы құны 16,2 млрд. теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Арыс қаласында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба мал шаруашылығының дамуында жаңа белестерге жол ашып, өңірдегі ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына негіз болмақ.