«Ондай еркектер нағыз «эксперт»»: белгілі коуч қыздардың отбасылы еркекпен жүруінің себебін түсіндірді
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 қазан, 2024
- 2.3k
Белгілі коуч, әрі блогер Роза Әшірбаева қыздардың не себепті отбасылы еркекпен қарым-қатынас құратынын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол өзінің instagram парақшасында бөлісті. Айтуынша, отбасылы ер азаматтар әйелдің жүрегін жаулай алады және әдемі сөздер көп айтады.
«Қоғам ұйыған отбасының ортасына түстің деп көңілдесті кінәлайды. Әйелдер психологтары өзіңе қарамай кеттің деп некелі жарын кінәлайды. Екі әйел бір-бірін түтіп жеп, қызыл кеңірдек болып ұрсысып, өздерімен жұмыс жасап, бал аштырып, дуалап-қуалап жүргенде осы драманың басты режиссері – еркек көзден таса қалып жатыр. Мұндай еркектер сыртта өзін бойдақ қылып көрсетеді, солай сөйлеседі, қыздарға сұқтана қарап, көзбен ішіп-жеп, басы бос жігіттерше әңгіме айтады. Нөмір алмасады. Ондай еркектер whatsapp және instagram-ға отбасының суретін қоймайды. Профиліне «бақытты әке, сүйікті жар» деп жазып қоймайды, неке жүзігін тақпайды, балаларын көшеде ойнатпайды, бесік арба итермейді. Әйелін тек бала-шағамен қыдыруға алып шығады, өйткені бала болса, бала ойнайтын орталыққа бара салады. Мейрамхана, кинода ашыналары көріп қоюы мүмкін. Жабыстырып джинс шалбарын кимей және әтірге шомылмай үйден шықпайды. Отбасылы болған соң ондай еркектер нағыз «эксперт»: әйелге қандай сөз айту керек, не деп жүрегін жаулау керек екенін біледі. Некелі жарының сұрап, армандап айтып жүрген романтикасын жас қызға үйіп-төгіп көрсетеді. Қыз сүйіп қалады. Сүйгені соншалық, үйленгенін білсе де ажырай алмайды, өйткені еркек әйелімді тастаймын деп уәде береді», – дейді Роза Әшірбаева.
Сонымен қатар, коуч отбасылы еркектердің әйеліне көп шағымданатынын айтады. Сол арқылы ол өз әрекетін ақтап алады екен.
«Драманың режиссері екінші тарапты да мықтап дайындайды. Ол күннен күнге әйеліне шағымды көбейтеді. Иісің жаман, толып кеттің, не киіп алғансың деп кемсітеді. Сондықтан еркек «мен оған қарағым келген жоқ, бірақ ол саған қарағанда жас, екпінді болған соң басымды айналдырып алды» десе, әйелі оған түсіністікпен қарайды. Сүйіктісінен мұндай сөздерді естіген әйел күн санап өзін мүжіп тастайды. Еркекті жақтап, ашынасының шашын жұлады. Әйел мүжілмегенде қайсін? Бала да, үй де, қосымша табыс та, ата-ене, той-томалақ та тек соның мойнында. Ал еш қиындықсыз 8 сағаттық жұмысқа ғана барып келетін, үйінде «ultra all inclusive» форматында өмір сүретін еркекке «адреналин» жетпейді. Сондықтан ол екі немесе үш әйелді қырылыстырып қойып, ортасында сайран құрып жүреді», – дейді ол.
Ары қарай Роза Әшірбаева қыз-келіншектерге ер адамның сөзіне емес, ісіне қарауға кеңес берді.
«Бұл жазбамен не айтқым келді? Қыздар еркектің сөзіне емес, ісіне қараңыздар! Күйеуіңіз сізге сұлу емессің деді ме? Ал сіз сұлу болып жүруіңіз үшін қандай жағдай жасады? Не әрекет етті?
Сізге бойдақ болып танысты ма? Некелі жары мен бала-шағасынан ұялатын еркекті еркек санатына қосу дұрыс па?», – деп сөзін аяқтады коуч.