Қарағандыдағы өрт: Тілсіз жаудың аумағы 35 мың гектардан асты
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылған
Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған соңғы мәліметке сай, Қарағанды облысындағы дала өртінің ауданы 35 гектарден асқан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрлік хабарлағандай, қазіргі уақытта вице-министр Ерлан Нұрпейісов Қарағанды облысында жүр.
“Ашық аумақта алдын ала ақпарат бойынша ауданы 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр. Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда” делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылған.
“Табиғи өртті сөндіруге жұмылдырылған күштер мен құралдар 4 жауынгерлік учаскеге бөлінген. Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 30 рет 50-ден астам тонна көлемінде су төкті. Ұлттық ұлан, Кувский орманшылығынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Қарқаралы ауданында 2 бірлік жылжымалы тамақтану пункті дайындалды, азық-түлік және заттай жарақтар қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істейді. Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га құрады” деп хабарлады министрліктегілер.
ТЖМ дерегінше, Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы дала өртінің 10 мың гектар аумағы оқшауланған. Өртті сөндіруге Павлодар облысынан, Астана қаласынан, Абай облысынан және ҚР ТЖМ 68303 ә/б, орман шаруашылығы қызметтерінің құтқарушылар топтары және жергілікті атқарушы органдардан ерікті өрт сөндіру құралымдары қатысқан.
Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов Баянауыл ауданындағы өртке шөп шауып жүрген шаруа қожалық иелері кінәлі болуы мүмкін екенін айтқан.
“Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі. Сондықтан, барлық шаруа қожалықтарынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын”, - делінген әкім мәлімдемесінде.