Қоғам

Орал тұрғыны сот арқылы азаматтық некедегі әйелінен 4 миллион теңге өндіріп алғысы келді

Әйел ақшаны жаңа автокөлік алу үшін одан қарызға ақша алып, оны 2023 жылдың соңында қайтарып беруге сөз берген

Орал қаласының тұрғыны бірге тұратын сүйіктісінен 4 миллион теңгеден астам ақша өндіру туралы сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талапкердің айтуынша, ол оған қарызға берген. Әйел ақшаны жаңа автокөлік алу үшін одан қарызға ақша алып, оны 2023 жылдың соңында қайтарып беруге сөз берген. Бірақ әлі қарызын қайтармаған.

Жауапкер олардың бұрын азаматтық некеде болғанын және кәмелетке толмаған ортақ балалары бар екенін айтты. Ол арызданушының талабымен келіспейтінін жеткізді. Сот алимент өндіру туралы шешім шығарды. Олардың арасында жауапкерге қарыз ақшаны беру және оны қайтару мерзімі туралы келісім болмаған.

«Сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Себебі талапкер қарыз шартының жасалғанын және ақшаны қайтару міндеттемесімен алу фактісін растайтын дәлелдемелерді ұсынбады, жауапкердің уәждерін теріске шығармады. Тараптардың кәмелетке толмаған ортақ балалары бар және бірге тұрған, бұл да талапкердің ақшаны қайтару міндеттемесінсіз өз еркімен беру ниетін растайды», - делінген сот хаттамасында.