Басты жаңалықтар

Талғарда тұрғындар 16 жастағы Шерзаттың қаза тапқан жеріне гүл шоқтарын қойды

Дүкен қазір жабық тұр

Талғар қаласының тұрғындары қайғылы оқиға болған жерге гүл әкеле бастады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Дүкеннің кіреберіс тұсына Шерзат Болаттың суреті қойылған. Қазір дүкен жұмыс істемейді, жабық тұр.

Талғарда 4 қазанға қараған түні азық-түлік дүкенінде тұтынушымен Шерзаттың әкесі екеуінің арасында жанжал шыққан. Жасөспірім әкесін қорғамақ болған.

Сатып алушы дүкеннен шыққаннан кейін достарына телефон соғып, оларды көмекке шақырған. Екі көлікпен келген олар төбелес шығарады. Марқұм болған Шерзаттың әкесінің айтуынша, барлығы 13 адам қарулы болған.

Марқұмның туыстарының әлеуметтік желідегі мәлімдемелері бойынша, төбелес кезінде Шерзаттың жүрегі мен өкпесіне пышақ сұғып, оны тепкілеп, басынан мылтықпен ұрған.

Жасөспірім көп ұзамай әкесі алып барған аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмады.