"Митингіге шықпаңыздар. Қантөгіс болмасын": Марқұм 16 жастағы шерзаттың әкесі мәлімдеме жасады
Алматы облысы Талғар қаласында бір топ бұзақы өлтіріп кеткен 16 жастағы жасөспірім Шерзат Қаржаубайұлының әкесі Қаржаубай Нұрымов мәлімдеме таратты. Оның видеосы әлеуметтік желіге тарады.
Қаржаубай Нұрымов ең әуелі, осындай қиын кезеңде қара жамылған отбасына көмектескен қазақ еліне басын иіп, алғысын айтады. Өзі Қонаев қаласында орналасқан Алматы облысының полиция департаментінбарған. Сол жерден шығып, іс оңынан қаралып жатқанына көзі жеткен. Сонымен бірге, Қаржаубай Нұрымов экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан өлген Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіге адвокаттарды тауып бергені үшін рақмет айтты.
«Өтінішім бар, халқым. Ешқандай митингіге шықпаңыздар, қантөгіс болмаса екен. Бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасай ма деймін. Сол себепті халқым өтініп сұраймы: еш көтеріліс керек емес. Өз қағидам – заң аясында дұрыс әрі әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазба, фотоларға сенбеңіздер. Ақылы түрде адвокат жалдауға тура келеді. Өзім үшін қорықпаймын. Кім келсе де, қандай жағдай болсын сөйлесе алам, өз басыма жауап бере алам. Ал отбасымның жеке қауіпсіздігі уайымдатады», - дейді марқұмның әкесі.
Қаржаубай Нұрымов сонымен бірге өзін бір емес, бірнеше рет қорқытқанын ашық айтты. Сөзінше, біреулер «заңгерміз» деп шақырып алып, қоқан-лоқы көрсеткен.
«Халқымнан сұраймын – қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, арандап, алданып қалмайықшы. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып, қолға алып жатыр. Ертең Астанадана, ІІМ-нен адам келеді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін», - дейді ол.