Іле ауданы әкімінің ұсталған сәтінің видеосы тарады
Экс-әкім өз лауазымын асыра пайдаланып, бірнеше ірі жемқорлыққа барған.
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс прокуратурасымен бірлесіп бірқатар ауыр жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін Іле ауданының әкімін әшкереледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Антикор мәліметінше, ол өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз аффилиирленген компанияға қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқару құқығын беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктенеді.
Сонымен қатар ол полигонды сенімгерлік басқару мерзімін заңсыз ұзарту арқылы өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша күдікті. Қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары тартылған.
Айта кету керек, компанияның қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша шартта көзделген міндеттемелері орындалмаған, ал оның қызметінен түскен табыс оны жеке байытуға бағытталған, - делінген мәліметте.