«Таза бейсенбі»: Астанада Алматы ауданындағы акцияға 30-дан астам адам қатысты
AMANAT партиясының мүшелері мен әкімдік қызметкерлері қаланы күзгі қоқыстардан тазартты.
«Аудандық әкімдік пен AMANAT партиясының Астана қалалық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған экоакцияға 30-дан астам адам қатысты. Акция «Отан Ана» монументінің жанындағы саябақта өтті. Мұнда біз күз мезгілінде түскен жапырақтарды жинадық», - деді Алматы ауданы әкімдігінің Өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы Нұрберген Нұрмұхамбет.
Ауқымды экоакция шеңберінде ауданды санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізілуде.