Қоғам

Қостанай облысындағы 5 баланың өлімі: Динара Зәкиева мәлімдеме жасады

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешке танысының үйіне кеткен

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қостанай облысында өрттен қаза тапқан балаларға қатысты мәлімдеме жасады. Айтуынша, қазір бүлдіршіндердің жақындарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Ол балалардың ата-анасы мен жақындарына көңіл айтты. 

«Өрт сөндірушілер өртті таңғы сағат 06.08-де сөндірген. Тілсіз жау басталғанда үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған алты бала ата-анасының қарауынсыз отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешке танысының үйіне кеткен, ал жұбайы жазасын өтеу мекемесінде. Өңірлік уәкіл оқиға орнында. Психологтар балалардың туыстарына қажетті психологиялық көмекті көрсетіп жатыр. Ата-ана мен жақындарына көңіл айтамын», – деп жазды Динара Зәкиева.

Айта кетейік, бұған дейін  Қостанай облысы Жітіқара қаласында бір үйдің бес баласы өрттен көз жұмғаны туралы жаздық.