Қоғам

Жүргізуші куәлігін алу қиындай түсті: өзгерістер енгізілді

Пилоттық жоба әзірге Астана қаласында іске қосылды

Жүргізуші куәлігін алудың шарты қиындай түсті. Енді азаматтар теория емтиханын тапсырғанда екі сатылы аутентификациядан өтеді. Әзірге жаңашылдық тек Астананың мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына енгізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Қарапайым сөзбен айтқанда, жүргізуші куәлігін алуға келген адамның жеке басына қатысты ақпарат екі түрлі әдіспен анықталады. Бірінші кезекте, 1414 нөмірінен жеке деректерге қатысты сұрау салу туралы хабарлама түседі. Бұл СМС электрондық үкімет порталының жеке кабинетіне, я болмаса өз атына тіркелген телефон нөміріне келеді. Авторизациядан сәтті өткеннен кейін ғана қызмет алушы биометрия сәйкестендіруінен өтуі керек. Емтихан тапсыру жүйесіне енгізіліп жатқан бұл өзгерістер куәлікті алған кезде бөгде адамның тестілеуге қатыстырылмауына мүмкіндік береді деп отыр.

«Тестілеу басталар алдында емтихан тапсырушыға 1414 нөмірінен дербес деректерге қол жеткізуге сұрау салатын хабарлама келіп түседі. Пилоттық жоба әзірге Астана қаласында іске қосылды. Кейіннен республикаға жұмыс жасайтын болады. Осылайша біз ақпараттық жүйелерді оңтайландыру арқылы үшінші тұлғалардың емтиханға кіру мүмкіндігін азайтамыз», - дейді "Азаматтарға арналған үкімет", департамент директорының орынбасары Мұхтар Отарбай.