Талғардағы марқұм Шерзаттың үйі өртенгеніне қатысты тың деректер айтылды (ВИДЕО)
Енді марқұмның отбасы мүшелерін полиция күзететін болды
Мұндай ақпарат таңертең әлеуметтік желілерде таралды. Оқиғаның куәгерлері өрт сөндіру қызметінің шұғыл әрекетіне қарамастан, үйдің түгі қалмай жанып кеткенін айтты.
Алматы облысы Полиция департаменті өрттің болғанын растады.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, бейнебақылау камералары тексеріліп жатыр.
Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынуда, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайлары мен оған әкелуі мүмкін себептері анықталуда, - деп атап өтті Полиция департаментінен.
Еске сала кетейік, 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан. Сатып алушы таныстарын шақырып, Шерзатты, оның әкесі мен ағасын пышақ пен қару қолдана отырып, соққының астына алған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше,келіп түскен арызға сәйкес 4 қазанға қараған түні Талғар ауданында қаза тапқан кәмелетке толмаған баланың отбасы күзетпен қамтамасыз етілген.
Отбасының тұрғылықты жері бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінің тарапынан тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.