Қоғам

«Митингке шығудың қажеті жоқ»: Шерзаттың әкесі мен Айтбек Амангелді мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Айтбек Амангелді митинг тергеу амалдарына кедергі келтіретінін айтты

Талғарда аса қатыгездікпен өлтірілген 16 жастағы Шерзат Болаттың әкесі және Айтбек Амангелді мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

Айтбек Амангелді Шерзаттың әкесімен бірге видео жариялап, митинг болмайтынын айтты.

"Қайырлы күн! Біз Шерзаттың әкесі, отағасы Қаржаубай екеуміз 14 қазан күні митингке шығудың қажеті жоқ екенін айтамыз. Ешқандай митинг болмайды. Қазір белсенді түрде тергеу жүріп жатыр. Сараптамалар жасалады. Сондықтан бұл митинг, керісінше, тергеу амалдарына кедергі келтіреді. Бұл пайдасыз әрекет. Қазір барлығын өзіміз бақылап отырмыз. Отбасы ешқандай ақша жиналып жатқан жоқ және оған мұқтаж емес", – деді Айтбек Амангелді.

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болат бір топ кісінің қолынан қаза тапты. Қазіргі кезде марқұмды өлтірді деген күдікпен 7 адам ұсталды.