«Анасы қалаға кетіп қалған»: Жітіқарада өрттен өлім құшқан бес балаға қатысты тың дерек айтылды
Сол күні қалаға кеткен әйел танысына үйге от жағып қоюды тапсырған
Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен қаза тапқан бес балаға қатысты тың дерек айтылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, оқиға болған күні бүлдіршіндердің анасы қалаға кетіп қалған.
«Сол қайғылы оқиға болған күні сағат бесте сол үйдің үлкені көршілеріне өрт болғаны жөнінде хабар берген. Өрт сөндірушілер келген кезде өкінішке қарай кеш болған. Мен ол кезде өзім Алматыда іссапарда жүргенмін. Бірақ қайғылы оқиға болған үйге департамент директоры бірден жіберілді. Ол бастан аяқ сол жерде жүрді, тіпті жаназаға да қатысты. Тиісті көмек көрсетілді», – дейді Сватлана Жақыпова.
Министрдің айтуынша, бес баланың әкелері бөлек болған. Мамыр айында әйелге көпбалалы ана ретінде “Күміс алқа” беріліпті.
«Бір күйеуінен екі, екіншісінен үш баласы болған. Ең кішкентай баласы бір жасқа мамыр айында ғана толған. Сол кезде оған көпбалалы “Күміс алқа” статусы берілген. Жазда анасы бірінші күйеуінен алимент ретінде 300 мың теңгеден артық ақша алған. Тоқсанына бір рет оған 290 мың теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек берілген. Яғни, жап-жақсы ақша алып отырған», – дейді министр.
Көз жұмған балалардың анасы дүкенде тазартушы болып жұмыс істеген. Сол күні қалаға кеткен әйел танысына үйге от жағып қоюды тапсырған.
«Бірақ сол түні ол қалаға кетіп қалған. Қандай себеппен кеткенін тергеу органдары біледі. Себебін мен білмеймін. Бір факт: үйге 1995 жылғы азамат келіп, кешкі сағат тоғызда үйдің пешін жағып кетіп қалған. Оған үйді жылытып қоюды балалардың анасы тапсырған», – дейді министр.