Мәдениет

«Әр нәрсенің қадірін білуді үйреткен ауру»: адам танымастай өзгеріп кеткен Мұрат Қожа белгісіз дерті туралы сыр шертті (ВИДЕО)

Екі жыл бойы аурумен арпалысқан әнші көп нәрсенің қадірін түсінгенін айтады

Адам танымастай өзгеріп кеткен белгілі әнші Мұрат Қожаға әлеуметтік желі қолданушылары таңқалды. «Жұлдызым» әнін шырқап отырған өнер иесінің видеосын продюсер, тележурналист Серік-Абас-Шах өзінің желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.  

Айтуынша, әнші белгісіз дертпен екі жыл арпалысқан. Тіпті дәрігерлерге дейін диагноз қоя алмапты

«Алла сүйікті құлдарын сынайды деген бар ғой. Соны ойлап, шүкіршілік етіп жатамыз. Алланың сүйіспеншілігіндегі адаммын деп, өзімді жұбатамын.
Ауруымды ешкімге тілемеймін. Айтатындай зат емес, құдай сақтасын.
Өте қатты нәрсе... Өлім мен өмір арасындағы арпалыс. Жеңе алмайтыныңды түсінетін аурулар болады ғой. Менің ауруым - түсініксіз ауру (еді). Не аяқ жасамайды, не қол жасамайды. Диагноз жоқ. Алматы мен Астанадағы барлық дәрігерге бардым. Ешкім білмейді. Ең соңында екі қолымды көтерген сияқты болдым. Осымен Аллаға ғана табыстаймын дедім»,- деп сыр шерткен әнші.

Әнші ауру арқылы әр нәрсенің қадірін түсінгенін мойындап, өзіне сынақ берілгенін айтты.

«Карантин басталып жатқан кез (еді), имамдарға хабарласып, ватсаппен дем салдырдым. Медицина көмектесе алған жоқ. Үмітім үзілді дейтіндей жаман ауру да емес. Адам түсінбейтін нәрсе болды.
Тек Алладан үміт үзбедім. Аяғымнан тұрғызшы деп жалындым. Үлкен сынақ, қатты сынақ болады (қолыңа ештеңе ұстай алмау, аяғыңа тұра алмау...) Алла көп нәрсені түсіндіру үшін осындай сынақ беретін шығар. Әр нәрсенің қадірін білуді үйреткен ауру болды. Достың, ағайынның, әйелің мен балаңның қандай екенін көрсетті. Бір аурумен бәрінің қадірін ұқтырды. Екі жыл ауырдым. Емі Алладан болды», - деді ол.