Қызылорда облысында келініне балағат сөздер айтқан ене 10 күнге қамауға алынды
- автор Томирис Тоныкөк
- 14 қазан, 2024
- 461
Қызылорда облысында алкогольдік ішімдік ішкен ене келініне балағат сөздер айтып, мазасын алған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
"Арал аудандық сотында азаматша Б.-ға қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Сотта анықталғандай, азаматша Б. үйіне алкогольдік ішімдік ішкен мас күйінде келіп, отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiп, келініне балағат сөздер айтып, мазасын алып, жанұя шырқын бұзған. Ол бұған дейін 11 сәуір 2024 жылы осы тектес әрекеті үшін ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алса да, еш нәтиже шығармай, құқық бұзушылықты қайталап жасаған", – делінген сот хабарламасында.
Сотта жәбірленуші Ә. мұндай жағдайдың жиі болып тұратынын көрсетіп, оған жаза қолдануды сұраған. Б-ның құқық бұзушылық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ, сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот қаулысымен Б. жоғарыда аталған баппен кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, АПБ-нің ерекше талап белгілеу туралы ұсынысы қанағаттандырылып, Б-ның мінез-құлқына 3 ай мерзімге алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға толық көлемде тыйым салуды міндеттейтін ерекше талап белгіленген.