Басты жаңалықтар

«Мас болғанына ашуланған»: Түркістанда өз күйеуін қылқындырып өлтірген көпбалалы ана сотталды

Судья әйелді сегіз жылға бас бостандығынан айырды

Түркістанда өз күйеуін өлтірген көпбалалы анаға үкім шықты. 30 жыл отасқан жұбайын қылқындырып тастаған Лобар Қажиева енді сегіз жыл түрмеде отырады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Жаға ұстатарлық жағдай сәуір айында Сайрам ауданында болған. Еш жерде жұмыс істемейтін күйеуінің мас болғанына ашуланған 50 жастағы әйел оны белдікпен буындырып тастапты. Тергеу кезінде күйеуі күн көрсетпегенін және мүгедек бала туғанын бетіне баса беретінін айтып ақталыпты. Осындай қорлықтан құтылу үшін қылмысқа барған екен. Оның сөзін көршілері де растаған. Сондықтан судья төрт баланың анасына «кісі өлтіру» бабы бойынша қарастырылған ең жеңіл жазаны тағайындап, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. 

«Күйеуі оның алдында өзінен ақша талап етіп, ішімдікке жұмсаймын деп, бір жарым мың теңгесін үйінен алып кеткен. Содан кейін үйіне мас келген кезде, сонда да жанжалды жалғастырып, өзі насыбай атып алған екен, насыбайын бетіне түкіріп, соның бәріне шыдамай, қасында ешкім болмағанын пайдаланып, артынан келіп, жемпірдің белбеуімен қылқындырып өлтірген», - деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Сәкен Тұрғынбаев.