Қоғам

«Мобилограф болған жоқ деп ақталмаймын»: Ардақ Назаров өзін сынағандарға жауап берді

Ардай Назаров талғарға депутат емес, қарапайым азамат ретінде барыпты

Талғарға барып сынға іліккен Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Шерзат Болат өлтірілген дүкеннің алдында не үшін суретке түскенін айтты. Депутатқа Мәжіліс кулуарында журналистер бірнеше сұрақ қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, Талғарға қайғырып отырған отбасына көңіл айту үшін барған. Сондай-ақ, ол жаққа баруды оған ешкім тапсырмапты.

«Жалпы, мен ол жерге депутат ретінде емес, азамат ретінде бардым. Өзімнің жігіттік парызым ретінде, сол өңірдің, Алматы облысының азаматымын. Болып жатқан жағдайды басынан бастап біліп отырдым. Басында барған кезде, одан кейін Алматы облысының әкімдігі бар, Талғар ауданының ішкі істер бөлімі бар, солардан жағдайды сұрап отырдым. Соңында істің ушығып бара жатқанын көріп, әлеуметтік желідегі толқулар болсын, халықтың кейбір сөздерін естіп, өзімнің азамат ретінде көзіммен көрейін, жағдай не болып жатыр, қалай басталды, Қаржаубай бауырымның өзі қалай, бір шетінен қайғырып отырған отбасына көңіл айтайын деген мақсатпен бардым. Сол күні ешкімнің тапсырмасынсыз, мысалы, айтып жатыр ғой, жоғары жақтан айтып барды деген сияқты, жоқ, олай емес, өзім азамат ретінде барып, кеш болып бара жатқаннан кейін асықтым», - дейді Ардақ Назаров.

Депутат пікір оқымайтынын және ешкімнің алдында ақталмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, өзін Абай, Шәкірім секілді ойшылдармен салыстырып, сын айтылғанына қуанатынын айтты.

«Басында пікір оқымаймын деп айтқанмын. Оған басымды қатырып қайтемін. Тіпті біздің пайғамбардың өзін жынды деген, ал Иса пайғамбарды өлтірмек болған. Абайды даттаған, Шәкәрімді құдыққа тастаған. Оның қасында Ардақ Назаровқа сын айтылғанына қуанамын. Яғни осы депутат болғанға дейін сынды әрбір жерден еститінбіз. Ол уақытта өз отбасыма, спорт залыма, жастарға жауап беретінмін. Ал қазір мұнда халықтың жауапкершілігі тұр. 20 миллион адам бар болса, 20 миллион пікір бар. Мен жақсы ниетпен бардым. Азаматтық парызымды орындап жатырмын демеймін. Жанымда мобилограф болған жоқ деп ақталмаймын. Өзімді, ісімді білемін», - дейді ол.