Қазақ тілін мазақ қылған Черчесов 738 400 теңге айыппұл төлейтін болды
Бір мемлекетке келіп, сол мемлекеттің мемлекет тіліне құрмет көрсетпеу – ұлтаралық араздықты қоздыру, ал сол тілді түсінбегенсіп мазақтау – нәсілшілдік
Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Бәрменқұлов айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Федерация басшысы Әділет Бәрменқұлов шектен шыққан Черчесовке айыппұл салынғанын айтты.
"Қателіктер бар, біз бұл туралы кеше ғана журналистермен сөйлестік. Черчесовтың әзілі, әрине, шектен шықты. Мен онымен жеке сөйлестім, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен маңызын түсіндірдім. Біз ол туралы Черчесовтің өзімен сөйлестік. Оған айыппұл салынды", - деді федерация басшысы Әділет Барменқұлов.
Федерация мәліметінше айыппұл соммасы 200 АЕК немесе 738 400 теңге.
Бұған дейін Қазақстан футбол командасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске “сен француз тілінде сөйлеп отырсың ба?” деген. Осы сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп, оны сынағандар көбейді.
Медиасарапшы Молдияр Ергебеков Станислав Черчесов осы сөзі арқылы ұлтаралық араздықты қоздырып отырғанын айтады.
“Қазақ тілінде сұрақ қойған журналистке нәсілшіл тілмен жауап берді. Бір мемлекетке келіп, сол мемлекеттің мемлекет тіліне құрмет көрсетпеу – ұлтаралық араздықты қоздыру, ал сол тілді түсінбегенсіп мазақтау – нәсілшілдік. Сұрақ: Станислав Черчесов Қазақстан Республикасы заңы бойынша жауапқа тартыла ма?” деп жазды сарапшы фейсбуктегі парақшасында.