Алматыда 13 адам ажал құшқан хостелдегі өрт: Төтенше жағдайда есіктер құлыптаулы болған
13 адамның өліміне әкелген өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабы бойынша қазір екі адам айыпталып отыр
Төтенше жағдай кезінде қашатын есіктер құлыптаулы болған. Алматыда 13 адам ажал құшқан хостелдегі өртке қатысты сотта прокурор айыптау актісін оқыды. Тергеу қорытындысына сүйенсек, нысанды жалға алушы дүкен ашуға арналған жертөлені жатақханаға айналдыруы аздай, өрт қауіпсіздігіне де бас қатырмапты. Яғни эвакуациялық жолдарды жауып тастаған әрі, дабыл дауысы естілмеген соң, тұрғындар ұйықтап жатқан жерінен сол күйі оянбай кеткен, деп хабаралйды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
13 адамның өліміне әкелген өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабы бойынша қазір екі адам айыпталып отыр. Бірі — хостел қожайыны, екіншісі — дабыл жүйесін орнатқан кәсіпкер.
«Айыпталушы Мұхамедияров, нысанды қабылдап, функционалдық мақсатын өзгерткен. Сондай-ақ дәлізде матрастар жайып, бірінші қабаттағы эвакуациялық шығу жолын жиһазбен жауып тастаған. Жертөле бөлмесінің эвакуациялық есіктері де құлыппен бекітілген. Ал айыпталушы Пекельник үй-жайды өрт дабылдарының қажетті санымен қамтамасыз етпеді және оларды дұрыс орналастырмады. Осы заң бұзушылықтардың кесірінен тұрғындар уақытында ояна алмады. Осылайша көміртегі тотығынан 13 адам ажал құшты», - дейді прокурор Нұрасқан Мырзалы.
Былтыр қарашада тоғыз отандасымызбен бірге, төрт шетел азаматы қаза тапқан қайғылы оқиға әлі ел есінде. Заңсыз жұмыс істеген хостелдің жертөлесінен таңға жуық от тұтанады. Сол сәтте ішінде 72 адам болыпты. Оның 59-ы терезені сындырып сыртқа шығып үлгерген. Бірақ ұйықтап жатқан 13 тұрғын сол күйі оянбаған. Оқиғаның өткеніне 1 жылға жуықтаса да, ұл-қызынан айырылған ана мен әкеге бүгінгі сотта істің жай-жапсарын есту оңайға соқпады.
«Негізі ол жұмыс істейтін. Сол жақта тұрғанға ыңғайлы болды. Бір айда болған жоқ, тұрғанына. Негізі ана матрастар жанған кезде улы газ шығады екен. Ол адамның маңызды мүшелерін өшіріп, адам бірден тұра алмай қалады екен. Құтқаруға болатын еді деп түсіндірді», - дейді марқұм С.Сыдықовтың анасы Әсем Сыдықова.
Құтқаруға ғана емес, болдырмауға да болатын еді. Аумағы 457 шаршы метрлік нысанға негізі дүкен салуға ғана рұқсат бар екені белгілі болды. Бірақ кәсіпкер заңсыз құрылыс жүргізіп қана қоймай, хостелдің өрт қауіпсіздігін елемегені де айтылды. Айыпталушы Мұхамедияров кінәсін мойындамай, қысқа ғана жауап қайырса, екінші күдікті өре түрегеліп, тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.
Өрт дабылы негізі нысанның функционал мақсатына байланысты қойылады. «Яғни сол бөлме кеңсе бола ма, немесе жатақхана ма, соған сәйкес өрт дабылы салынады. Бірақ біз келген кезде бөлме бос болды. Мемлекеттік органда тіркелген, бұған дейін өрт дабылы қойылыпты. Алайда жұмыс істемейді. Ескі сымдар әр жерден үзіліп кеткен. Енді біздің міндетіміз — соны қалыпқа келтіру. Тапсырыс беруші жұмысымызды өзі қабылдап алды. Олардан шағым түскен жоқ. Біз жұмысымызды шарт бойынша орындадық. Жүйені одан әрі пайдалану үшін жауапкершілік жалға алушыларға жүктеледі», - дейді айыпталушы Александр Пекельник.
Бұған дейін «қасақана өрт қойылуы мүмкін» деген ақпарат тараған еді. Өрттің басталуы мен бақылау камерасына жазылған бәз біреудің таңға жуық хостелге кіріп-шыққаны дөп келеді дейді. Бұл видеоматериалдар енді сотта да көрсетілуі мүмкін. Бірақ оған дейін куәгерлерден жауап алынып, жәбірленуші тарапқа сөз беріледі.