Басты жаңалықтар

“Неге ұсталғанын түсінбедік”: Шерзаттың өліміне күдікті жігіттің анасы үндеу жасады

Күдіктінің анасы оқиға орнында ұлының болмағанын айтады

Шерзат Болаттың ісі бойынша ұсталған бір күдіктінің анасы ұлын әділетсіз қамағанын айтып, үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Талғардағы 16 жастағы жасөспірімнің ісі бойынша алғашында 7 адам ұсталған болатын. Кейін Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 13 қазанда тағы 3 адам ұсталғанын хабарлады.

«Менің ұлым оқиға орнында болмаған. Оның неге ұсталғанын түсінбедік. Менің үндеуіме құлақ асса деймін. Кепілдікпен ұлымды үйқамаққа жіберуді қарастыруын сұраймын», - дейді ол.

Алматы облысының полиция департаменті пікір білдіріп, қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде екенін хабарлады.

«К. Есімді күдіктінің анасының өтініші бойынша хабарлайтын болсақ, 13 қазанда үш күдікті қамауға алынды. Оларға ҚР ҚК-нің «Қылмыс туралы хабарламау» 434-бабы айыпталып жатыр. Жүргізілген тергеу іс-шаралары күдікті К.-ның жасалған қылмыс туралы хабардар болғанын сенімді түрде анықтады. Соттың санкциясымен ол екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық істі толық және объективті тергеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде, оның аясында барлық қатысушының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», - делінген хабарламада.