«Оның мақсаты қызды зорлау болған»: Түркістан облысында аяусыз өлтірілген 16 жастағы қыз бен анасы жайлы тың дерек айтылды
Нұрия ағасына өзіне мұғалімнің хат жазып жүргенін айтқан
Түркістан облысы, Келес ауданында дүйім елді дүр сілкіндірген жантүршігерлік қанды қылмыс орын алды. 11 қыркүйек түні 47 жастағы әйел мен оның 15 жасар қызы өз шаңырақтарында өлі күйінде табылды. Куәгерлердің айтуынша марқұмдардың денесінің сау-тамтығы қалмаған. Себебі, бастары езіліп, милары шашылып кеткенге ұқсайды. Күдікке сол ауылдың 29 жастағы мұғалімі іліккен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікке ілінген ер адам сол ауылдың мектебінде практикант болып жұмыс істеген. Ол 15 жастағы оқушы қызға көз салған көрінеді. Мұны естіген анасы бірден мектеп директорына арызданып, 29 жастағы жігіт жұмыстан шығарылған.
“Оның бар мақсаты қызды зорлау болған. Зорланбады деп айта алмаймын, өйткені қыздың киімі кеудесіне дейін түрілген. Күдіктінің арам пиғылы сол ғана болған. 10 ай бұрын сол титтей қызға желіден жазып жүрген екен. Енді міне анасы мен қызының жанын алып отыр, Әзірейіл”, – деді ауыл тұрғыны Гүлшат Байболатова.
Марқұм әйелдің қызы Ақдидар Ерланқызы 15 жыл бұрын әкесі де кісі қолынан қаза тапқанын айтады. Ол анасы мен сіңлісі туралы суыт хабарды таңға естіген.
“Оқиға болған күні түнде ғана үйге шығарып салғанмын. Соңғы рет сол кезде сөйлестік. Әкем 15 жыл бұрын кісі қолынан қаза тапқан еді. Ол кезде бұл іс мүлде қаралмаған. Араға 15 жыл салып осы іс қайта басымызға түсіп отыр. Қайғылы жағдай түнгі 2:00-3:00 арасында болыпты. Бірақ маған суық хабар таңғы 6:30-да жетті. Сіңілім Нұрия өмір мен өлімнің арасында болған дейді. Дегенмен жедел жәрдем келгенше жан тапсырыпты”, – деді Ақдидар Ерланқызы.
Оның айтуынша, мектепте істеп жүрген ер адам сіңлісінің телефон нөмірін марқұмның сыныптастарына күш көрсету арқылы алған. Анасы директорға шағымданған соң, күдіктінің жақындары кешірім сұраған. Сол үшін де полицияға арызданбаған көрінеді.
“Анам ол мұғалімнің жақындары “енді қайталанбайды” деп кешірім сұраған соң полицияға арызданбады. Күдіктінің анасы орыс тілі пәнінің мұғалімі, ал әкесі жұмыссыз. Өзі үйленген, үш баласы бар, әйелі төртіншісіне жүкті”, – деді Ақдидар Ерланқызы.
Нұрия әкесінен айырылғанда небәрі 6 айлық сәби болған. Болашақта полиция қызметкері болуды армандаған. Сабақта белсенді, оқуда озат болған екен.
“Қатты тарсылдаған дыбыс естіген соң “Зарипа, тыныштық па” деп Whats’App желісіне жаздым. Алайда оқымады. Сосын терезе жағына барып, Зарипа деп айқайладым, тынышталып қалды. Қайта кетіп бара жатқан едім, қыздың қиналып, жәрдем сұраған дауысы естілді. Сосын есік жағына барып, кіре берген едім, ақ киімді адам келді де ұрды, еңкейіп белінен ұстап, түріне қарап едім, шошып кеттім. Есік алдында ұстап алып, қатты қысқан едім, футболкасы жыртылып, бірден қашып кетті. Түрін 100 пайыз көріп, танып үлгердім. Күдікті Абай Асхатұлы деген мұғалім. Бала кезден танимын ол баланы. Сосын көршілерді оятып, полицияға хабарласыңдар, оны ұстасын деп айттым. Оны полиция қарбыз сататын жерінен ұстады. Ол тірлігін тындырып алып, сол жерге барып жайбарақат жатқан ”, – деді куәгер.
Куәгер Дәулет Әлімқұлов үйге Роза есімді әйелмен бірге кірген. Айтуынша, ол уақытта қыз тірі болған.
Күдікті 2023 жылы жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша Талғат Бигелдинов атындағы мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде келген екен.
Марқұмның туысы Серік Тоғанбаев ер адамның есірткі тұтынған, соның күшімен осы қылмысты жасағанын тілге тиек етті. Бірақ қызы Ақдидар Ерланқызы сараптама бойынша оның орта дәрежелі мас болғанын көрсеткен дейді. Ал екінші қызының сөзінше, күдіктінің әпкесі оларға қоқан-лоқы көрсетіп, өздерінің таныстары көп екенін ескерткен.
“Қарындасым Нұрия маған оның жазып жүргенін айтты. Сосын мен мектепке күдіктімен сөйлесуге бардым. Сол кезде 4-5 мұғалім, арасында мектеп директоры да бар, мені ішке алып кірді. Оған тиіспе, біз заңды түрде араласып, өзіміз шешеміз, деді. Өздері ақылдасып, жұмыстан шығарамыз, деп ескертті”, – дейді марқұмның ағасы Оразгелді Тоғанбаев.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желідеТүркістан облысы Келес ауданында анасы мен кәмелет жасқа толмаған оқушы қыздың өлімі туралы ақпарат тарағанын жазған едік.