Мәдениет

«Мен жалғыз алданушы емеспін»: Қайрат Нұртастың әйелі Жоғарғы сотқа шағымданатынын мәлімдеді

Актриса сот шешімімен келіспейтінін жеткізді

Белгілі актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Астанадағы төрт бөлмелі пәтеріне қатысты апелляциялық соттың шешімімен келіспейтінін білдіріп, Жоғарғы сотқа шағымданатынын жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ол сот процесіне көңілі толмағанын жеткізді. Айтуынша, кейбір дәлелдер ескерусіз қалған.

«Екінші сот отырысы өтті. Менің көңілім толмаған сәттер мыналар:

Біріншіден, өткен отырыста сот өзі талап еткен жауап беруші тараптағы Дилара осы отырысқа қатыспады. Неге?! Қарсы тарап соттың талабын орындамайтын не күшке ие?! Екіншіден сот екі тарапты толық тыңдап болғаннан кейін, ешқандай қосымша сұрақтар қоймай, ақылдасу бөлмесіне үнсіз кетіп қалды. Бар болғаны 20 минутта шешім қабылданды. Бірінші болған сот шешімін өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылданыпты. Соттың ресми шешімі жайындағы құжат келесі апта шығады. Заң бұзушылық табылмады деген үкім айтылды. Естеріңізде болса, бірінші отырыста қаралмаған, немесе назар салынбаған дәлелдер келтіргенімді айтқанмын. Бұл жолы да ол дәлелдер ескерусіз қалды», – деді актриса.

Әділдікке қол жеткіземін деген Жұлдыз Әбдікәрімова ендігіде Жоғары сотқа шағымданатынын жазды.

«Сот шешімімен келіспейтінімді, мұнымен іс жабылмайтынын, Жоғарғы Сотқа қайта шағымданатынымды хабарлаймын! Жүріп жатқан азаматтық соттан бөлек, қылмыстық іс қозғалып жатқандығы, ол жақта сот мүлде басқа сарында болатынын да естеріңізге саламын. Басты назар аударатын жай, ол – мен жалғыз алданушы емеспін. Он шақты алданған азаматтар болып, ұжымдық шағым түсіріп, қылмыстық іс қозғалғанын қайталаймын. Әділдік орнауына бар күшімді саламын!», – деп жазды ол.