"1 айда 1300 км жүрдім": 17 жастағы шымкенттік Қазақстаннан Түркияға жаяу барды
Шымкентте туып-өскен Ролан Берікұлы Дағыстан, Шешенстан, Грузия арқылы жүріп, Түркияның Ризе қаласына 26 күнде жеткен
17 жастағы Ролан Берікұлы Қазақстаннан Түркияға жаяу барды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 24.KZ телеарнасының сайтына сілтеме жасап.
Шымкентте туып-өскен Ролан Берікұлы Дағыстан, Шешенстан, Грузия арқылы жүріп, Түркияның Ризе қаласына 26 күнде жеткен. Ол 1300 километрді жаяу жүріп өткен. 2 рет жаңбыр астында қалып, 18 күн далада шатырда түнеген. Арқалаған сөмкесі 20 килограмнан кем емес. Қазір жас саяхатшы Кония қаласында жүр.
"Қазақстаннан Түркияға жаяу шыққандағы ең алғашқы мақсат ел көріп, жер көріп, тану болды. Келесі мәселе – алдағы уақытта Қазақстандағы туризмді дамыту. Жалпы осы 1 айдың ішінде 1300 шақырымды жаяу жүріп өттім. Сондай-ақ күніне 50-60 шақырымды бағындырып отырдым. Жолдағы ең қызық жағдай Ресейдің Астрахан қаласында болды. Қаладан шығаберісте жолдың ар жағында бір топ ит жүрген болатын. Бір қарағанда маған қарай жүгіріп келе жатты. Сақтық үшін өзіммен алып шыққан электршокер бар еді. Соны ауаға басып, өзімді қорғап алған болатынмын", - деді Ролан.
17 жастағы саяхатшыны Кония қаласында қазақ азаматы Дәурен Сәбитұлы күтіп алған.
"Осылай Қазақстаннан қазақ бауырымыз Түркия еліне жаяу шыққанын көріп, өз басым қатты қуанып, өзіне кері байланысқа шығып, қонақжайлығымызды көрсетіп, қонақ қылып шақырдым", - деді ол.
Еске салайық, қарағандылық тревел-блогер Асхат Қажытай Анкарадан (Түркия) Батумиге (Грузия) дейін 1111 км жолды жаяу жүріп барған еді.