80 мың теңге: Ақтау тұрғынына жедел жәрдем шақырғаны үшін айыппұл салынды
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әрекетті қайталаған жеке тұлғаларға айыппұл 60 АЕК-ке дейін ұлғайтылады
Ақтау тұрғынына жедел жәрдем бригадасын шақырғаны үшін 80 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол әзіл үшін шақырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметі мән-жайды түсіндірді.
14 қазан күні 103 пультіне Ақтау қаласының тұрғынынан шақыру келіп түседі. Ол көптеген дәрі-дәрмектерді қабылдау туралы хабарлаған.
«Жедел жәрдем бригадасы шақыруға шыққанда, тұрғын пранк ұйымдастыруға шақырғанын айтқан», – деді медициналық мекеменің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты шақыру жалған болып тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 438-бабына сәйкес, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, полиция, жедел медициналық көмек, авариялық қызметтер органдарын көрінеу жалған шақыртқаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әрекетті қайталаған жеке тұлғаларға айыппұл 60 АЕК-ке дейін ұлғайтылады (2024 жылы 221 520 теңге).
Нәтижесінде арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін ер адамға 80 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.