«Оны белбеумен ұрған»: Алматы облысында басына шатыр құлап қаза тапқан сарбаздың туыстары мәлімдеме жасады
Марқұмның туыстары оның зорлық-зомбылықтан қайтыс болғанын айтып отыр
Екі жыл бұрын Алматы облысында Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі басына шатырдың темір жақтауы тиіп қаза тапты. Алайда марқұмның туыстары мұнымен келіспейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұмның туыстары Instagram-парақшасында жазба жариялады. Олардың айтуынша, сарбаздың басына шатыр құламаған, соққының әсерінен көз жұмған.
«Әскерде біздің ұлымызға шатыр құлап, қайтыс болды деп айтты. Бұл сол әскерден болып отыр. Алмасты тез жерледік, ол кезде қатты қайғырып, күресуге шамамыз келмеді.
Мәйітті жуған ағам қазір жерлеуге болмайтынын, тағы сараптама жасау керектігін айтты. Алмасты ұрып-соғып, оған темекі сөндіргені анықталды. Оның зорлық-зомбылықтан қайтыс болғаны белгілі», - дейді марқұмның туыстары.
Жазуынша, ешқандай дәлел, куәгерлер жоқ деп іс 4 рет жабылған.
«Ұлымыз қайтыс болғанына 1,5 жыл өткен соң, біз Алмастың денесін эксгумацияладық, мемлекеттік сараптама жүргіздік. Тәуелсіз сарапшыны жалдадық және ол ұлымыздың кешкі сағат 7-де қайтыс болғанын анықтады. Ал дауыл кешкі 9-да болған», - дейді олар.
Мәйітке сараптама жасаған сарапшы марқұмның денесінде пышақ жарақаты мен көгерген іздері бар болғанын айтқан.
«Сарапшы пышақ жарақатын растады және бұл шатырдан болған өлім дегенді жоққа шығарды. Алғашқы сараптамада бізге сарапшы бұл қылмыс екенін, Алмасты ұзақ уақыт бойы ұрып-соққан деді. Денесінде көгерген іздер барын және бірнеше күн бойы соққыға жығылғанын айтты. Алмасты тепкілегенін, белдіктің іздері бар екенін, оны белбеумен ұрғанын, соққылардың көптеген ізі бар екенін де білдік», - деп жазды парақшада.
Марқұмның туыстары көпшіліктен әділдікке жетуге көмектесуді сұрап, өздеріне адвокат керек екенін жеткізді.