Денсаулық

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов: «Мен туралы теріс ақпарат таратуға ақша бөлінді»

Мені қамауға алғанда әлеуметтік желіде "Біртанов жемқор" деген тақырыппен түрлі-түрлі жаңалық, видео шығыпты

Денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов өзіне тағылған айыптардың барлығы жалған екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол Qazaq Airan-ға берген сұхбатында бар шындығымен бөлісті.

"Қозғалған қылмыстық істің сот процесі ашық өтті. Журналистер келіп қатысты. Сол кезде мен бірнеше рет өз позициямды жеткізген болатынмын. "Мен Денсаулық сақтау экс-министрі ретіне өз жауапкершілігімді толық сеземін, қашпаймын, дайынмын. Мен министр ретінде қандай да бір шешімді дұрыс қабылдамасам және бұл тергеу барысында дәлелденсе, мен оны мойындауға дайынмын. Бірақ бұл факт дәлелденуі керек. Қай жерден, қандай қате кеткенін көрсетіңіздер" дедім», - дейді Біртанов.

Экс-министр өзін халықтың алдында жауапкершілігі бар екенін мойындайтынын жеткізді.

«Сот барысында жемқорлық бойынша зерттеу жүргізілді. Мен министр және мемлекеттік қызметкер ретінде халық күткен нәтижеге қол жеткізе алмадым. Сол үшін жауапкершілігім бар халықтың алдында. Мен оны түсінемін және мойындаймын. Ал мен ғана кінәлі, мен жемқормын дегенді ешқашан да мойындамаймын", - деді ол.

Сондай-ақ, сот кезінде бірнеше журналистерге оны қаралау үшін ақша ұсынғандар болыпты.

"Мені қамауға алғанда әлеуметтік желіде "Біртанов жемқор" деген тақырыппен түрлі-түрлі жаңалық, видео шығыпты. Мен оны түрмеде отырғаннан кейін көрмедім, шыққаннан кейін де мүмкіндік болмады. Бірақ уақыт өткеннен кейін көрдім. Негізі мұндай ақпараттың бәрін журналистерге бір адам берді ғой. Бірақ бұл дәлелденген жоқ. Қозғалған 11 қылмыстық істің біреуінде болсын жемқорлық табылды ма? Алайда сондай ақпарат таратылды. Мұны біреу арнайы таратты, оған ақша бөлінді. Себебі маған көп журналист жазды, олардың айтуынша, сот кезінде мен туралы теріс ақпарат тарат деген тапсырыс келіп түскен.  Ал олар экс-министрді жақсы білетінін, олай жасамайтынын айтып бас тартқан. Осындай да жағдайлар болды", - деді экс-министр.