Экономика

Қазақстандық инновациялық Kaspi.kz компаниясы Түркия нарығына шығады

Kaspi.kz жетекші түрік маркетплейсі Hepsiburada-ны сатып алатынын жариялады.

Kaspi.kz компанияның негізін қалаушы және бақылаушы акционері Ханзаде Доғанмен, сондай-ақ Вуслат Доған Сабанджи, Бегюм Доған Фаралиали, Арзухан Доған Ялчындаг және Ишил Доғанмен Hepsiburada акцияларының шамамен 65% сатып алу туралы келісімге қол қойды.

Hepsiburada-ның негізін 2000 жылы Ханзаде Доған қалаған және ұзақ уақыттан бері Түркиядағы электронды коммерцияның жетекші платформаларының бірі. Компания клиенттерге қызмет көрсету, технологиялар, логистика және әртүрлі санаттағы тауарлардың кең ассортиментіне басымдық бере отырып, дамыды. 2023 жылы Hepsiburada қызметтерін 12 миллионнан астам сатып алушы және 101 мың серіктес-дүкен пайдаланды. Компания платформасы арқылы сатылған тауарлардың жалпы құны $4 млрд. құрады.

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі:

«Біз Түркияның электронды коммерциядағы жетекші компанияларының бірі Hepsiburada-мен күш біріктіру мүмкіндігіне өте қуаныштымыз. Біздің мақсатты нарықты 100 миллион адамға дейін үлғайту - Kaspi.kz үшін маңызды стратегиялық басымдылық.

Hepsiburada-ның мәдениеті бізге өте ұқсас: бұл инновацияларға бейілділік, тұтынушылар мен серіктестерге жоғары сапалы қызмет көрсету және ұзақ мерзімді тұрақты өсімге ұмтылу. Kaspi.kz сияқты, компания да электронды коммерция саласындағы ұлттық көшбасшы және негізін визионер қалаған. Екі компанияның да көзқарасы бір — сүйікті клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсарту.

Мәміле аяқталғаннан кейін екі компания да өз брендтері мен операциялық құрылымдарын сақтап қалады. Біз Kaspi.kz пен Hepsiburada-дағы білім мен технологияларды біріктіріп пайдалана отырып, Қазақстан мен Түркиядағы электрондық коммерция мен цифрлық қызметтерді ілгерілете береміз. Қазақстандық және түрік кәсіпкерлері екі ел арасындағы жаңа мүмкіндіктерден пайда алатынына сенімдімін».

Ханзаде Доған, Hepsiburada компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы:

«Бүгінгі күн мен 24 жыл бұрын құрған Hepsiburada Group үшін маңызды кезеңді білдіреді. Түркияның цифрлануы мен электронды коммерциясының бастаушысы ретінде Hepsiburada Қазақстанның нарықтық капиталдануы ең ірі компаниясы Kaspi.kz-пен бірге қызықты жолға шыққалы тұр. Мен Hepsiburada-ның жетістіктері, 10 мың қызметкері, 101 000 серіктес дүкені мен 12 миллион клиентінің әрбірін мақтан тұтамын.

Біздің экожүйеміз Түркиядағы ең мықты брендтердің бірін құру үшін үздіксіз жұмыс істеді. 2021 жылы біз өз акцияларын NASDAQ-та орналастырған, Түркиядан шыққан алғашқы және жалғыз компания болдық және ұлттық туымызды жаһандық технологиялық алыптардың арасында көтердік.

Менің Hepsiburada көзқарасым – тұрақты өсім және үлкен құндылық жасау.  Адамдардың өмірін инновацияларымен жақсартып отырған Kaspi.kz те NASDAQ-та акцияларын орналастырған – бұл Hepsiburada-ның әлеуетін толық ашуға көмектесетін мінсіз серіктес.

Kaspi.kz компаниясының жетістік тарихы ғаламдық технология әлеміндегі шабыттандыратын оқиғалардың бірі ретінде танылды. Жоғары сенім деңгейі мен инвестициялар Hepsiburada-ның Түркияның электронды коммерция нарығындағы орнын сөзсіз нығайтады.

Hepsiburada қалыптастырған құндылықтарға сенген барлық адамдарға шын жүректен алғыс айтамын. Біздің тарихымыздағы жаңа тарауға аяқ баса отырып, мен Hepsiburada мен Kaspi.kz-тің болашақтағы бірлескен жұмысына үлкен табыс тілеймін».

Мәміле құны шамамен $1 127 миллионды құрайды. Мәміле Түркияның реттеуші органдарынан қажетті рұқсатты алу мен қажетті заңды рәсімдерді орындағаннан кейін, 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде.

Kaspi.kz туралы

Kaspi.kz-тің миссиясы – клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтерді жасау. Инновациялардың орталығында елдегі ең танымал Kaspi.kz мобильді суперқосымшасы тұр, оны 14 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады және ол елдегі жетекші электрондық коммерция, төлемдер және қаржылық қызметтерді қамтиды.

Kaspi.kz суперқосымшасы арқылы қазақстандықтар тегін жеткізу арқылы онлайн тиімді зат сатып алады, комисисясыз төлем жасап, аударады, жеке қаражаттарын басқарады, әуе және теміржол билеттері, турлар сатып алады, ең танымал мемлекеттік қызметтерді пайдаланады.

Kaspi.kz бизнес үшін де Kaspi Pay суперқосымшасын жасады, оны 700 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкер пайдаланады. Kaspi Pay қосымшасы арқылы қазақстандық кәсіпкерлер бизнесін дамытуға қаржы көзін алады, төлемдерді қабылдайды, жарнамалық науқандарды бастайды, салықтарды төлейді, электронды коммерция және жеткізу платформасына қосылып, оның көмегімен бүкіл ел аумағында тауарларын сата алады.

2024 жылы Kaspi.kz АҚШ-тағы NASDAQ қор биржасында жария орналастыруды (IPO) өткізді, бұл соңғы екі жылдағы АҚШ-тағы ең ірі ашық жария орналастырудың бірі болды.

Гарвард Бизнес Мектебі (Harvard Business School) магистратура студенттері бірнеше жыл қатарынан оқып жүрген екі оқу материалын жазды. Бұл өз алдына ерекше факт. Халықаралық сарапшылар Kaspi.kz-ті технологиялар азаматтардың өмірін қалай жақсартады дегенге бірегей үлгі деп санайды.

 

Hepsiburada туралы

Hepsiburada — Түркиядағы электронды коммерцияның жетекші технологиялық платформасы, ол 30-дан астам санаттағы 264 миллионнан астам тауарды қамтиды.

Hepsiburada сауданың аралас үлгісін пайдаланады: тауарлар мен қызметтерді тұтынушыларға компанияның өзі де, сондай-ақ оның 101 мың серіктесі де ұсынады. Hepsiburada Түркиядағы сауданы цифрландырудағы көшбасшылардың бірі.

Hepsiburada электрондық коммерция платформасы сатушылар мен тұтынушылар үшін кең экожүйе мүмкіндіктерін ұсынады, соның ішінде: жеткізу қызметтері, жарнамалық қызметтер, азық-түлік жеткізу, төлем шешімдері және кредиттеу. HepsiGlobal шетелдік кәсіпкерлерге жергілікті платформада өз тауарларын ұсынуға, ал түрік кәсіпкерлеріне сыртқы нарықтарға шығуға көмектеседі.

Hepsiburada негізі қаланған 2000 жылдан бастап, цифрлық мүмкіндіктерін әйелдердің Түркия экономикасындағы рөлін дамытуға мақсатты түрде пайдаланып келеді. 2017 жылы Hepsiburada «Әйел-кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған технологиялар» бағдарламасын іске қосты, бұл бағдарлама шамамен 55 мың әйел-кәсіпкерге өз өнімдерін миллиондаған клиентке ұсынуға көмектесті.

Кешенді ұсыныстары мен әлеуметтік жауапкершілікке бейілділігінің арқасында Hepsiburada кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін инновациялық шешімдер ұсына отырып, Түркиядағы электрондық коммерция ландшафтын қалыптастыруды жалғастыруда.