Басты жаңалықтар

"Әкем – тракторист": Астанада жүк таситын ару айына 1 миллион табыс табатынын айтты

Жүк тасушы қыздың негізгі мамандығы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Астаналық Әйгерім Серік 5 тонналық жүк көлігін айдап, адал еңбек етіп, көптің көңілінен шығып жүр. Көлік айдап, жүк тасып, кәсібін дөңгелетіп отырған қыз техниканы 10 жасынан бастап меңгерген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Еуразия» телеарнасына сілтеме жасап.

«Көлікке қызығушылық танытуыма әкем себепкер болды. Әкем – тракторист. Алғашқы көлігімді 18 жасымда алдым. Көрген адамдардың бәрі «Қыз балаға механика қиын емес пе?» деп сұрайды. Жүк көлігін алған соң адамдардың қызғушылығы да, маған қояр сұрақтары да одан бетер артты. Танымал бола бастадым», – дейді Әйгерім Серік.

Қазір оның айлық табысы 1 миллион теңгеден асады. Айтуынша, күніне 4-5 тапсырыс алып, көлігімен жүк тасиды. Жүк тасу қызметіне сұраныс күн сайын артып келеді екен.

«Әйгеріммен жұмыс істеп жүргенімізге 4-5 ай болып қалды. Өте жақсы қыз. Айтқан уақытта келеді, тапсырысты уақытында жеткізеді. Қосшыға дейін апарады. Қояндыға дейін апарған кездері де болды», – дейді қала тұрғыны Нұрсұлтан Қосекенов.

Жүк тасушы қыздың негізгі мамандығы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Тіпті, актерлік білімі де бар. Алайда Әйгерім дипломмен жұмыс істеуден гөрі, болашағын көлікпен байланыстырғанды жөн көріпті.

«Алдағы уақытта басқа елдерден техникалар алып келемін. Мақсатым – қазақстандықтарды түрлі техникалармен қамтамасыз ету. Жүк көлігі, трактор, су таситын көлік секілді құрылысқа керекті көліктерді алып келу ойда бар. Бұған дейін Дубайдан машина, көліктің бөлшектерін тасығанмын», - дейді Әйгерім Серік. 

Бүгінде ол көлікті жүргізіп қана қоймай, жөндей де біледі. Одан бөлек, аттың құлағында ойнайтын өнері бар. Тіпті, әлеуметтік желіде де танымал.