«Дәрігерлер ашуланып, міндетсінеді»: Ақтауда туыстары ер адамның ауруханада өзіне қол салмақ болғанын жоққа шығарды
Дәрігерлер бірінші күні-ақ мұндай науқас керек еместігін айтып, алып кетіңдер деген
Ақтауда облыстық ауруханада өзіне қол салмақ болды деген ер адамның туыстары оны жоққа шығарып, дәрігерлерге наразылықтарын жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Жақындарының айтуынша, жұмыстан үш күн бұрын ерте келген науқастың басы ауырған. Ол туыстарының атын атай алма кеткенде жедел жәрдем шақырыпты.
24 қазанда ер адамның қызы әкесінің жағдайын білуге келгенде, оны кіргізбей қойған. Сөзінше, әкесі мұны білген соң ашуға булыққан. Анықталғандай, дәрігерлер ер адамға микроинсульт деген диагноз қойған.
"Миының сол бөлігі жұмыс істемегендіктен, не істегенін өзі білмейді. Дәрігерлер бірінші күні-ақ мұндай науқас керек еместігін айтып, алып кетіңдер деген. Инсульт алған адамды қайда апарамын. Неге дәрігерлер ашуланып, міндетсінеді. Анама әкемнің жанында болуға рұқсат бермей, ерте шығарып жіберген. Жанында ешкім болмаған соң, терезені есік екен деп кетіп қалғысы келген", – дейді бойжеткен.
Науқастың туыстары палатада қызметкерлердің болмағанына таңқалды.
"Бұл істі жылы жабу үшін бізді кінәлап отыр. Желіде тараған видео жағдайды ушықтырып жіберді. Түнде дұрыс ұйықтай алмаймыз. Жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. Біз – үлгілі отбасымыз, тағылған айыптар өтірік", – деп қосты ол.