Басты жаңалықтар

Шерзат Полаттың өліміне қатысты полиция 5 бап бойынша қылмыстық іс қозғаған

Қазіргі уақытта қасақана кісі өлтірді деген күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам қамауға алынған

Талғарда Шерзат Полаттың өліміне қатысты Алматы облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ішкі істер министрінің депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

«Талғар қаласында болған Ш.Полаттың өліміне қатысты Алматы облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істерді тіркеп, тергеп жатыр. Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері де жұмыс істеп жүр», - делінген жауапта.

Қазіргі уақытта қасақана кісі өлтірді деген күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам қамауға алынған.

«Тергеу жалғасуда, оның барысында оқиға болған жердегі басқа да адамдардың қатыстылығы тексеріліп, әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Жалпы қазір еліміздегі криминогендік ахуал тұрақты», - деп атап өтті ІІМ.

Айта кетсек, 4 қазан күні Талғар қаласында төбелес кезінде 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан көз жұмды.