Қоғам

«Кеудесінен екі рет ұрған»: Қызылордада оқушыны өлтірген жасөспірімге үкім шықты

Сотталушыға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды

Қызылордада сот абайсызда өлімге әкеп соқтырған оқушының денсаулығына ауыр зиян келтірді деп айыпталған жасөспірімге қатысты істі қарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Осы жылдың ақпан айында 9-сынып оқушысының денесі үйінің жанынан табылған. Сотта белгілі болғандай, Белкөл кенті орта мектебінің оқушылары тұрғын үйлердің бірінің кіреберісіне жиналып, төбелескен.

«Кәмелетке толмаған сотталушы кәмелетке толмаған баламен жанжалдасып, оны кеудесінен екі рет ұрған. Салдарынан жәбірленуші жүректің рефлекторлық тоқтауын алып, оқиға орнында қайтыс болды. Кәмелетке толмаған сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушіге соққыдан дене жарақаты "кеуде қуысының жабық жарақатынан жүректің рефлекторлық тоқтауы, жіті жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі" анықталды», – делінген Қызылорда облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарламасында.

Сот үкімімен кәмелетке толмаған қызылордалық ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды ("абайсызда өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру"), сотталушыға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.