Блогер Бейбіт Әлібековтің Lamborghini көлігімен трюк жасамақшы болған жігіт көз жұмды
Блогердің айтуынша, ол алғашында жігітке көлігін бергісі келмеген
Қазақстандық блогер Бейбіт Әлібековтің Lamborghini көлігін трюк жасау үшін сұрап алған 22 жастағы жігіт көз жұмды. Ол TikTok байқауына қатыспақшы болған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Ол жүріп келе жатқан көліктің үстінен секіріп өтпек болған, бірақ қауіпті трюк кезінде жарақат алған. Жігіт алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды.
«Менен көлік сұраған Батырхан Ержан деген жігіт естеріңізде болар. Мен оған бермеген едім. Бірақ Telegram-да талқыладық. Бәрі сұраған соң мен оған трюк үшін көлік бердім. Бәсекелестік болды, мен егжей-тегжейін білмеймін.
Алайда оның жасағаны нәтиже бермеді. Ауыр жарақатының салдарынан ауруханаға түсті. Ал бүгін таңертең, өкінішке орай, дүниеден өтті. Менің сөзім жоқ. Отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бәлкім, көлік бермеу керек пе еді», – деп жазды Бейбіт Әлібеков.
Жол апаты 29 қазанда «Сокол» Алматы-Астана тас жолында орналасқан көлік тұрағында орын алған. Lamborghini көлігін тізгіндеген 45 жастағы ер адам трюк көрсетпекші болған жігітті басып кеткен.