Ақтөбе облысында итті аяусыз қорлаған оқушы видеоға түсіп қалды (ВИДЕО)
9 сынып оқушысы көпбалалы отбасынан шыққан
Желіде мектеп оқушысының итті аяусыз ұрып, қорлап жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға Ақтөбе облысында Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болған. Ауыл мектебінің директорының айтуынша, оқушы көпбалалы отбасынан шыққан.
«Мен бұл видеоны енді ғана көріп отырмын. Бұл біздің оқушы. Көп балалы отбасынан шыққан қиын бала. Ол бес баланың үлкені. Бұрын сыныптастарымен жанжалдасып, мектептің ішкі есебінде тұр. Отбасы толық, әкесі де, шешесі де бар. Бірақ екеуі де жұмыссыз. Оқиға туралы полицияға жеке өзім хабарладым. Біздің ауылда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар жоқ, бірақ олар осы орайда бізге облыс орталығынан келеді. Жазалау мәселесі де шешіледі», – дейді Кеңқияқ ауылындағы мектеп директоры Айнаш Бришова.
Ақтөбе полициясы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында жас баланың итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазбасы анықталды. Тексеру барысында оқиға биыл мамыр айында Темір ауданының аумағында орын алғаны және жануарға қатігездік танытқан 9-сынып оқушысы екені анықталды.
Оқушы өзінің ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда полициямен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, оқиға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында баланың ата-анасының қатысуымен қаралатын болады. Жасөспірім полицияның есебіне қойылады. Сонымен қатар, қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде», - делінген хабарламада.