Қазақстанда зейнетке ерте шығуға рұқсат берілуі мүмкін
Қазіргі уақытта зейнетке ерте шығару мәселелі талқыланып жатыр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде зейнетке ерте шығуға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол қазіргі кезде зейнетке ерте шығару бойынша сұрақ талқыланып жатқанын мәлімдеді.
«Бүгінде біздің қоғамда бірнеше сұрақ талқыланып жатыр. Бұл – зейнет жасын күтпей, зейнетке ерте шығу. Бұл сұрақ аналарымыз, көпбалалы аналарымыз, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарымыз үшін өте маңызды. Бұл кісілер де ерте зейнетке шығу мәселесін көтеріп отыр. Сондай-ақ министрліктің алдына зиянды жағдайда жұмыс істейтін азаматтарды 50-55 жастан зейнетке шығару мәселесі де қойылып отыр», – деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл халықаралық деңгейде шешімін тапқан сұрақтар.
«Мысалы, зейнет жасына келсе де, зейнетке шықпай, жұмысын әрі қарай жалғастырған азаматтарға зейнетақысын төлемей, оны бюджетте қалдыру. Ал зейнет жасына жетпей, зейнетке шыққысы келетін азаматтарға бюджеттегі сол қаржыны төлеу қарастырылып отыр», – деді Еңбек министрі.
Бұл ретте зейнетке ерте шыққысы келетін азаматтардың еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы керек. Яғни, осы уақыт бойы зейнет жарналары аударымы болуы қажет. Мысалы, азамат 20 жасынан бастап жұмыс істесе және тиісті жарналары уақытылы аударылып отырса, онда ол 45 жасында ерте зейнетке шыға алады.
Бір айта кетерлігі, бұл ұсыныстар әлі қабылданған жоқ, мұны қазір министрлік тиісті органдармен бірлесе қарап жатыр.