"Қылмысын жабуға тағы күш сала ма": Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды
Сонда да қайтадан “крышаларын”, депутат ағаларын қосып, қылмысын жабуға тағы күш сала ма деген күдік жоқ емес
Қыз зорлады деп айыпталған боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бұл туралы Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова желідегі парақшасында жариялады.
«Бас Прокуратураға жазылған шағымның, әлеуметтік желідегі, БАҚ-ғы жариялылықтың нәтижесі шығар. Соңғы кезде әріптестерімнен, халықтан Бас Прокуратура қызметкерлерінің жақсы жұмыс істеп, көптеген қылмыс пен заңбұзушылықтарды ашуға септігін тигізіп жатқандарын естимін. Бұл да болса, көңілге жағатын, үзілген үмітті жалғайтын жағымды нәрсе ғой. Тек жаман жағын айта бермей, жақсы жағын да айтайық. Сонда да қайтадан “крышаларын”, депутат ағаларын қосып, қылмысын жабуға тағы күш сала ма деген күдік жоқ емес. Біздің елдің органдарын, заңының қалай жұмыс істейтінін білгесін, “жаман айтпай, жақсы жоқ” дегендей, ондай күдіктің болуы да заңдылық», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.