«Арманым сабаққа бару»: Қонаев қаласында бір үйдің 11 және 12 жастағы қыздары мектепке мүлдем барып көрмеген
Анасының айтуынша, мал бағып жүріп екі қызының құжатын жоғалтып алған
Алматы облысының тұрғыны Ақерке Баймаханбетова құжаттың жоқтығынан екі қызын мектепке бере алмай отыр. Қос бөбегін жетектеп, әмеңгерліктен қашып тау-тасты жағалап жүрген. Мал бақты, сиыр-бие сауды. Бой жетіп қалған қыздар мектепке бармағандықтан сырт көзден таса, тығылып өмір кешуде. Күндіз пердені жауып үйде отырады. Далаға шықса қол ұстасып, қосақталып жүреді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Дау дамайсыз бағдарламасына сілтеме жасап.
51 жастағы әйел Жамбыл облысында туып, Шуда өскен. Айтуынша, Шымкенттің жігітіне тұрмысқа шыққан. Екінші қызын босанғаннан 20 күннен кейін күйеуі қайтыс болып кетеді. Сөйтіп оны туыстары әмеңгерлікпен қайын інісіне әйел қылмақшы болған. Бірақ ол келіспей, қашып кеткен.
Содан бері екі қызымен әйел мал бағып күн кешіп жүреді. Сөйтіп жүргенде екі қызының құжатын жоғалтып алған. Ақерке Баймаханбетова жеті ағайынды. Алайда ағайындардың бір-бірімен қатынасы үзілген. Қыздарын бірнеше мәрте мектепке бергісі келген, алайда құжатсыз еш жер қабылдамаған.
12 және 11 жастағы қыздар 42 әріптіі жартысын ғана таниды.
«Менің арманым сабаққа бару. Қызыл диплом алғым келеді. Анамнан сұрағанмын, бірақ біздің құжатымызды жасағаннан кейін барасыңдар дейді. Терезеден сабаққа кетіп бара жатқан қыздарды көргенде мен де мектепке барғым келеді», - дейді 11 жастағы Жансая.
Қонаев қаласындағы мектеп екі қызды қабылдап, құжаттарын жасау мәселесіне кірісті. Альбина және Жансая бастауыш сыныбына қабылданып, алдағы уақытта өз қатарластарына қосылады.