«Ол менің алыс туысым»: сенатор Хасан Қасымбаевпен байланысы туралы айтты
- автор kyn.kz
- 7 қараша, 2024
- 707
Сенат депутаты, Алматы облысынан сайланған Жанболат Жөргенбаев, әлеуметтік желілерде Талғардағы "Хутор бригадасы" деп аталатын топтың басшысы аталып жүрген Хасан Касымбаевпен туыстық байланысы барын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ
Бұған дейін желіде сенатор Жанболат Жоргенбаевтың Хасан Касымбаевпен туыс екендігі және "болып жатқан жағдайға ықпал ете алуы мүмкін" деген ақпарат пайда болған еді. Сондай-ақ, сенатордың Талғар ауданы әкімінің аппарат басшысы Аслан Касымбаевты қызметте қалдыруды сұрауы мүмкін деген ақпарат таратылған. Аслан Касымбаев Хасан Касымбаевтың туған бауыры болып келеді.
"Иә, мен әлеуметтік желілерде Касымбаевтар ағайындарына байланысты Талғар ауданындағы жағдайға ықпал еткен деген пікірлерді көрдім. Ресми түрде мәлімдеймін, Талғар ауданының аппарат басшысы қызметінде қалсын деп ешкімге өтініш айтқан жоқпын және ешқандай әрекет жасамадым. Оның үстіне, мен тергеу барысына әсер етпедім және ықпал етуге тырыспадым," - деп түсініктеме берді Тengrinews.kz сайтына Жөргенбаев.
Бұдан бөлек, сенатор Касымбаевпен туыстық қатынасын растады, бірақ Хасан оның "алыс туысы" екенін айтты.
"Туыстық туралы айтар болсам: иә, ол менің алыс туысым. Қазақтарда туыстар өте көп болатынын білесіздер. Бірақ біз тұрақты байланыста болған емеспіз. Ең көбі ірі отбасылық тойларда немесе жаназаға жиналғанда ғана кездесетінбіз. Маған бағытталған барлық айыптауларды жала деп санаймын және мені қаралаған адамдарға қатысты сотқа жүгіну құқығын сақтаймын," - деп қорытындылады Жанболат Жоргенбаев.
Автор: Ерасыл Дарханұлы