Басты жаңалықтар

«8 қарашаға дейін картадағы ақшаңызды шешіп алыңыз»: Ұлттық банк түсініктеме берді

Өздерінің ақпараттық жүйелерін конфигурациялау қажеттілігіне байланысты банктер техникалық жұмыстарды жүргізетін болады

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтарға 8 қарашаға дейін банк карталарындағы ақшаларыңызды алып үлгеріңіз деген ақпарат таратылды. Өйткені банк жүйесі өз жұмысын уақытша тоқтатады. Ұлттық банк бұл хабарламаларға түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.

ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі бұл хабарламаларға түсініктеме берді. Реттеуші банктерді жаңа форматқа көшіру жұмыстары клиенттік карталар бойынша төлемдерге әсер етпейтінін атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық Банкі екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, еліміздің төлем жүйелеріне ISO 20022 төлем хабарламаларының халықаралық форматын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыстар карточкалық төлемдерге әсер етпейді. Осылайша, халықтың төлем карталарын, QR кодтарын, мобильді аударымдарды, банкоматтардан қолма-қол ақшаны алуды, ұялы байланыс төлемдерін және т.б. пайдалана отырып төлемдері өзгеріссіз қалады», - деп атап өтті Ұлттық банк.

«Бұл ретте өздерінің ақпараттық жүйелерін конфигурациялау қажеттілігіне байланысты банктер техникалық жұмыстарды жүргізетін болады. Оларды жүзеге асыру үшін банкаралық қызметтерге қатысты төлемдерді қабылдау кестесіне қысқа мерзімді өзгерістер енгізуге болады (қаржы ұйымдары ISO 20022 стандартын енгізгенге дейінгі демалыс күндері)», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта қаржы институттары өз клиенттерін банктердің 2024 жылдың қараша айының соңына дейін болатын жаңа стандартқа көшу аясында техникалық жұмыстарды орындау уақыты туралы алдын ала хабардар етуде. Анықтама үшін: бизнес-процестерді автоматтандыру үшін қаржы ұйымдары арасында электронды хабарлама алмасуға арналған ISO 20022 жаһандық стандарты жасалған.

«Бұл стандартқа көшу нарық қатысушыларына ISO 20022 негізінде енгізілген жаңа шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ банктік операцияларды жүргізу кезінде төлем хабарламаларымен алмасудың бірыңғай үлгілерін пайдалану арқылы барлық тараптар үшін шығындарды азайтады»,- деп толықтырды Ұлттық банк.