Ақмола облысында пара алып, алаяқтық жасаған полицей үш жарым жылға сотталды
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ
Бұланды аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары, полиция подполковнигі Марат Досжанов пара алғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкім Ақмола облыстық сотында жарияланды. Анықталғандай, бұрынғы жоғары шенді полицей қылмыстық істі тоқтату үшін 2 миллион теңге пара алған. Артынша ол жәбірленушіден тағы бір миллион теңге талап етіп, бас тартсаң, қамауға аламыз деп қорқытқан.
Досжанов қызметтік бабын пайдаланып, алаяқтық жасау (ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабының 3-бөлігі, 2-тармағы) және лауазымды тұлғаға пара беруге итермелегені (28-баптың 4-бөлігі, 367-баптың 2-бөлігі) үшін кінәлі деп танылды.
«Соттың үкімімен Д. шенінен айрыла отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Сотталушыдан 2 500 000 теңге пара мемлекет пайдасына заңсыз иемденген мүлік ретінде өндірілді», деп хабарланды облыстық сот баспасөз қызметінен.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.