«Біраз шыдамды талап етеді»: әскерде мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтарға Стамбұлда ота жасалды
Ота сәтті жасалып, енді реабилитациялық ем-шара, емдік дене шынықтыру процедуралары басталған
Әскерден мүгедек болып қайтқан Ербаян Мұхтарға Стамбұлда ота жасалып, емін алып жатыр. Оның қазіргі жағдайы туралы заңгер Инга Иманбай Facebook парақшасында бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жазуынша, ота сәтті аяқталып, ем-шара басталған. Ол сарбаздың жағдайын сұрғандарға алғысын білдірді.
«Желіде Ербаянның жағдайын сұрап, хабарласып жатқан ағайынға мың алғыс. Қазір Ербаянның жағдайы бірқалыпты, Стамбұлда емін жалғастырып жатыр. Бірінші тұрған фото бүгін жасалды. Екінші фото Стамбұлға келген кезде басына жасалған отадан кейінгі кезі. Құдайға шүкір ота сәтті жасалып, енді реабилитациялық ем-шара, емдік дене шынықтыру процедуралары басталды. Қалпына келу уақытты және біраз шыдамды талап етеді. Оған дайынбыз. Әрі қарай Ербаянның жігері мен дәрігерлердің кәсібилігіне сенеміз. Ербаянымызды іздеп, сұрап, ниеттес болғандарыңызға мың алғыс. Қазірге жаңалығымыз осы. Айтарлықтай өзгеріс, жақсы жаңалығымыз болса міндетті түрде Сіздермен бөлісеміз», - дейді Инга Иманбай.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласының 5571 әскери бөлімінде Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі сарбазы Ербаян Мұхтар бас сүйек-ми жарақатын алып, комаға түскен болатын. Әскерилер оның дәретханаға құлап, басын плитаға ұрғанын айтқан. Алайда туыстары бұнымен келіспейді.