Саясат

"Астананы ауыстырғанда да келіспеген": Балаева уақытқа қатысты қазақстандықтар шағымына пікір білдірді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан журналистер Қазақстанда уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім қазақстандықтармен санаспай , тез қабылдану себебін сұрады.

Министр бұл басқа министрліктің құзыретінде екенін мәлімдеді.

"Әрбір уәкілетті орган өз құзыреті бойынша жауап береді. Мен мемлекеттік қызметкер ретінде басқа мемлекеттік органның шешімдеріне түсініктеме бере алмаймын. Екіншіден, егер шешім қабылданса, ол аяқ астынан қабылданбайды, министрлік басшылыққа алатын негіздемелер, шаралар реті бар. Сондықтан мен олардың шешіміне түсініктеме бере алмаймын. Айта кететін жайт, көптеген бастама бойынша келіспеушіліктер болды. Мәселен, астана ауыстырылды, халық келіспеді, тіпті халықтың 90 пайызы қарсы болды, бірақ бүгін біз Астананы мақтан тұтамыз, өз астанамызды жақсы көреміз және ол тәуелсіз Қазақстанның символына айналды. Мені де бұл сұрақ мазалайды, мен бұл мәселе белсенді түрде талқыланып жатқанын көріп отырмын, өзектілігі бойынша резонанс туып отыр. Менің ойымша, уәкілетті орган мұны есепке алады", - деп жауап берді Аида Балаева.

Сондай-ақ журналистер министрден үкіметтегі әріптестеріне қазақстандықтардың уақытты өзгерту шешіміне қарсы екенін және бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрап жатқанын жеткізген-жеткізбегенін сұрады.

"Мен ақпарат министрі ретінде әрқашан әріптестеріме халық талқылайтын, бірінші орынға шығатын және назар аудару керек нәрселерді жеткіземін. Соңғы кездері бұл мәселе бірінші кезекте тұр, бірақ шешімді уәкілетті орган қабылдайды, мен олардың шешімдеріне түсініктеме беруге құқығым жоқ, олар өздері шешеді", - деді министр.