Қоғам

Ерікті Перизат Қайрат су тасқыны кезінде көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деп ұсталды

Қаржы мониторингі агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратты тергеп жатыр.

"Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде, – делінген ақпаратта.

Агенттіктің хабарлауынша, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған.

" Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған. Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған", – дейді агенттік.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған деп есептейді агенттік. 

Әлеуметтік желіде Перизат Қайратқызы 32 жаста екенін, Ақтөбе қаласының тумасы екенін жазады. Мектепті Ақтауда бітірген. 2015 жылы Астанаға көшкен. Британ университетінің бизнес-менеджмент мамандығы бойынша түлегі. 2016 жылдан бастап БАӘ-де, атап айтқанда, Абу-Даби қаласының түрлі компанияларында 4 жыл жұмыс істеген. Содан кейін әкімдікте, саяси партияда және ҮЕҰ сияқты түрлі құрылымдарда еңбек еткен.