«Дәретханаға дейін сүйреп апарды»: Ақтауда ер адам бұрынғы сүйіктісін ұрып тастады (ВИДЕО)
Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы сүйікктісінің ұрып-соғуы бірінші рет емес
Ақтауда ер адам бұрынғы сүйіктісін ұрып-соққан видео әлеуметтік желіде тарап кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға мекеменің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеодан ер адамның қызды бетінен ұрып жатқанын байқауға болады.
Деректерге сүйенсек, ер адам мен әйел бұрын қарым-қатынаста болған. Бірақ өзіне үнемі қол көтере берген соң, қыз онымен айырылысып кеткен. Жәбірленушінің достарының айтуынша, ер адам қызды үнемі соңынан аңдып, ұрып-соғады екен.
“Бұл мені ұрғаны бірінші рет емес. Осыдан бір ай бұрын “7пятниц” мекемесінде болды. Ол бар үстеліне менің басымды ұрып, дәретханаға дейін сүйреп апарды. Ары қарай унитазға құлатты”, – деп жазды жәбірленуші.
Жәбірленушінің туыстары кінәлінің жазалануын сұрап отыр.
Stan.kz тілшісі жағдайға байланысты полициядан пікір сұрады.
“Патрульдік бригада бұзақылық әрекеттердің алдын алды. Оқиғаға қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді. “Ұрып-соғу” фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.